Семей қаласындағы этномедиация бойынша Семинар

2025 жылғы 17–18 маусым аралығында Абай облысының Семей қаласында этномедиация тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті. Іс-шара мемлекеттік қызметшілерге, әкімдік қызметкерлеріне, аудандық Достық үйлерінің басшыларына және этносаралық қатынастар саласында қызмет атқаратын кәсіби медиаторларға арналды.
Семинарға Медиация орталығы атынан Абай облысы бойынша «Халықаралық құқық қорғау орталығы» медиация орталығының басшысы Шапиев Макат Жұмашұлы және Қазақстан халқы Ассамблеясы Абай облыстық Аналар кеңесінің кураторы Жаксылыкова Сания Хайыржановна қатысты.
Семинар этносоциалық жанжалдардың алдын алу, қоғамдық келісімді нығайту, сындарлы диалог орнату және қоғамда сенім мен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруда этномедиацияның тиімді құралы ретіндегі маңызына арналды.
Қатысушылар нақты жағдайларға негізделген кейстерді зерттеп, дағдарыстық және наразылық жағдайларындағы мінез-құлық модельдерін талдап, тұлға психотиптерімен және түрлі психоэмоционалдық күйдегі тараптармен өзара әрекеттесу әдістерін меңгерді. Практикалық бөлім рөлдік жаттығуларды, этносоциалық сценарийлерді талдауды және тиімді коммуникация техникасын пысықтауды қамтыды.
Іс-шара жоғары кәсіби деңгейде өтіп, түрлі өңірлерден келген қатысушылар арасында тәжірибе алмасуға және мамандардың құзыреттерін кеңейтуге ықпал етті. Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.